archive.f16.kz
Жарияланды: 11:00, 04 июнь 2025
Жаналықтар

Елімізге Еуропадан керқұландардың жаңа тобы әкелінді

Қазақстанға Мажарстан мен Чехиядан керқұландардың жаңа тобы әкелінді. Бұл – «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал.

Асыл тұқымды жануардың жаңа тобы Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 3 маусым күні керқұландар тиелген екі әскери ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, әрі қарай жабайы жылқылар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына жеткізілді. Бастапқыда олар кең қашаларда ұсталып, бір жыл мамандар бақылауында болады. Әбден бейімделген соң, табиғи ортаға жіберіледі.

Бұл елімізде жойылып кеткен керқұландар тұқымын тарихи мекеніне қайтаруды көздейтін жобаның екінші кезеңі екенін айтқан жөн. Жануарлардың алғашқы партиясы былтыр маусым айында Торғай даласына жеткізілген болатын. 

Мамандардың айтуынша, 2029 жылға дейін елімізге әкелінген керқұландар санын 40-45 басқа дейін жеткізу жоспарланып отыр.

– Бұл Прага зоопаркінің Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдауы. Еуропалық зоопарктер мен асыл тұқымды жануарларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беретін боламыз, – дейді Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек.

Керқұлан (Кертағы) – әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан жойылып кеткен.

Фото: gov.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)